2-жұп:Еркебұлан Қайназар(Астана) мен Жансая Мусинаның(Орал) айтысы
Еркебұлан Қайназар:
-Бісміллә, той болғанда ел несібі,
Тойда ашылар сарайдың зерлі есігі.
Бұл қала тұлғалардың мекені еді,
Тарихпенен танылған елге есімі.
Бұл күнде отау болып, оңаша тұр,
Енші алған Астанадай дербес ұлы.
Отаудан үлкен үйге келіп тұрмын,
«Шықсын»- деп- «тілегімнің көл-көсірі».
Ассалаумағалейкум, аманбысың,
Менің азаттығымның төл бесігі.
Қасқаларын кең сайда қонғақтаған,
Жарықтық жақсылардың жер бесігі.
-«Алла»-деп, атқа мінсек шеп бұзғандай,
Айтысқа жиналғанда көппіз қандай?!
Алматым қала күнін құтты болсын,
Құтты болсын айтайын ке(лі)п тұрғандай.
«Келер жыл мың жылдығын болад(ы)»-дейді,
Жаңа әкім жақсылыққа бет бұрғандай.
Бірақ, сені «мыңда»-деп айта алмаймыз,
Келбетін жүздің өзін көп қылғандай.
«Алматым-ару»-десе, арусың ғой,
Көркіне көз тоймайтын өткір қандай?!
«Қай жылғы боласын?»-деп сұрағанға,
«Қай жылғы деп ойлайсын»-деп тұрғандай.
-Алматым арулығын рас секілді,
Сұлулығын хас болса, хас секілді.
Салыстырып қарасам келбетімен
Алматым қарсыластан жас секілді.
Ау(ы)зына қаратқан Алты Алашты,
Армысың Жан подручка, Жансаяшка.
«Еркош»-деген дауысыңды сағындым ғой,
Өзіңді көрмегелі алты ай асты.
Ақ маңдай, алма мойын, бұран белім,
Айтыста бүгін маған сыңар ме едің?
Жолыңыз жінішкілеу болғанымен,
Кесіп е(ді)ң көп кісінің жуан жолын.
Талайды жүнін жұлған, тауық қылған,
Түгімді қоймайды ғой мынау менің.
Құдайдың құдіретін қарасаңшы,
Япыр-ай, мен өзім де шыдамды едім.
Сендегі бар нәрсені маған бермей,
Мендегі бар нәрсені саған бермей,
Бұл да «Бір Жаратқаннан сынау»-дедім.
Фигурамыз ауысып кетіпті ғой,
Қайтейін, шарам бар ма бұған менің?
Менің фигурамды егер саған берсе,
Тұрмысқа тоғызыншы класста-ақ шығар ме едің?!
Ал, сенің фигуранды маған берсе,
Кәсіпті басқа жаққа бұрар ме едім?!
Қай жерде штангідан жарыс болса,
Сол жерде чемпион болып тұрар ме едім?!
Жансая Мусина:
-Еее,Еркош,
Өлеңді жүрген жоқсын жиып бекер,
Кей кезде жаңбырдайсын құйып кетер.
«Мен сен болсам штангист болам»-дейсін,
Әзіліне көп нәрсе сиып кетер.
Спартсмен болар едің баяғыда-ақ,
Жан болсан абыройынды биіктетер.
Сен бірақ, штангіге жоламашы,
Кесірі штанына тиіп кетер.
-Құрдас-ау, сені көрсем күлкі қысад(ы),
От(ыр)сын ғой жиырылып кірпі құсап.
Арықтап кетіпсің ғой шырпы құсап,
Жеті жыл жем жемеген жылқы құсап.
Сөйлесе едірейіп кетеді екен,
Сталин атасының мұрты құсап.
Жынынды қағып алайын енді сенің,
Жылмыңдап отырсың ғой түлкі құсап.
-Алматы жырын тыңдап шайырының,
Оңынан туып жатыр айы бүгін.
Финалға он ақын боп қайта келдік,
Белгісіз кімнің жанар жайы бүгін.
Біз болсақ Орал дейтін жерден келдік,
Тұлпармен тең тұратын тайы бүгін.
Байбақты Сырым Даттың ұрпағы едік,
Ұлты үшін өлуге де дайын ұлын.
«Әу»-деп бір әуелетіп ән бастасақ,
Мұхит бо(лы)п қайырамыз қайырымын.
Мен туған жер- кіндігін кескен жұрт қой
Қазақтың Жұбан, Қадыр, Тайырының.
Осындай мықты жерден келгендіктен,
Сөзімнің осы болды райы бүгін.
Ағайын, аманбысың, есенбісің,
Жәйменен жеткізейін Жайық үнін.
Арайлы Алматыға сәлем айтты,
Балалары Он екі ата Байұлының.
-Еее,Еркош,
Сен өзін ақын едін ел сенетін,
Осындай айтыстарда белсенетін.
Шыбындай шыр бітпейтін қайран досқа,
Айтайын әзілімнің келсе ретін.
Келіншегін Майгүлдің айтуынша,
Шамаң жоқ шаруанды еңсеретін.
Бір шелек су көтерсен жан екенсін,
Дірілдеп екі сағат теңселетін.
Жер қазсан күрегінді суыра алмай,
Азаптық жан екенсін сен шегетін.
Аяқтары оралып педаліне,
Дұрыстап тебе алмайд(ы) бұл велосипедін.
Айналдым құрдасымнан килограмм емес,
Салмағы грамменен өлшенетін.
-Жуас бо(лы)п көрінсен де отбасында,
Асаусың, басы сыймас ноқтасында.
Себебі, тектілердің тұяғы едің,
Алтынды қақысы жоқ тот басуға.
Апырмай, ұзақ мақтап кетіппін ғой,
Жансая бір көсілсе тоқтасынба?
Қой, енді осыменен қайтарайын,
Кезегінді күтіп қалма көп қасымда.
Әйтпесе, ұйқы сұрап отырсың ғой,
От(ыр)қандай Алматының пропкасында.
Еркебұлан Қайназар:
-Қу қыз,нең бар еді штанымда?
Маған бүйтіп айтпас ед(і)
дұшпаным да.
Ойын жетіп тұрса да, бойын жетпей,
Қолын жеткен жеріңнен ұстадың ба?
«Дүние бүлінед(і)»-деп қорықпай-ақ қой,
Бойда-қуат, қолымда-күш барында.
Бүлінсе де ке(лі)п-кетер саған не бар?
Көз сүзіп қарамашы іш қарынға.
Жансая сен істейтін шаруа жоқ,
Женгеңнің жеке меншік шкафында.
-Жүйрік е(ді)м суырылып топтан шығар,
Жабынның бірі емеспін көк қамшылар.
Әйеліммен сөйлесіп алыпсың ғой,
Ол енді тақым қысып от(ыр)қан шығар.
Мен негізі пып-пысық жігіт едім,
Күрек тиген жерімнен көк тал шығар.
Шөпілдетіп үйіме әкелгенде,
Шелектен су түгілі сок тамшылар.
Велосипед дегенін не тәйірі,
Мотоцикл мінген менде от бар шығар.
Әйелім саған мені жамандаса,
Әдейілеп өтірік соққан шығар.
«Күйеуімді мақтасам ,жалмауыз қыз
Тартып а(лы)п қояды-ау»-деп қорыққан шығар.
-Қу қыз, мені «грамм» демесеңші,
Тым болмаса келіге теңесеңші.
Салмақты, салиқалы жігіт е(ді)м ғой,
Құдай үшін таразыдан жемесеңші.
Сен маған қалжын айтсан керім едің,
Жауап берсем мен былай төгілермін.
Қазір менің тұрақты салмағым жоқ,
Кейде арып, кей-кезде семіремін.
«Граммдайсын»-деп нақты а(лы)п айтатындай,
Мені қашан көтеріп көріп едің?
-Сен емес,өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім Жансаяға сөз дайында.
Қайда барсаң, әйтеуір бір кем дүние,
Сенің жанды жеріңнен қозғайым ба?
Әйелім мен туралы саған айтса,
Маған ешкім айтпайды сен жайында.
Жансая, мен сондықтан күйе бердім,
Неге мені тоқпақтап түйе бердін?
Бұл күнде «Жансая қыз жалғыз жүр»-деп,
Жаһандық жарнамаға ие болдын.
«Бата беріп, тұрмысқа шығаршы»-деп,
Балғынбек ағамызға түйе бердін.
Тағы да бір қажыға сиыр бердін,
Тағы да бір қожаға бие бердін.
Бірақ, оның батасы қабыл болмай,
Сен қасқа,күйген үсті күйе бердін.
Маңдайынның терімен тапқан малды,
Молдалардың үйіне үйе бердін.
Болса да Жансаяның атағы ердей,
Қойды ғой бір азамат қатар ермей.
Жетектегі малыңды көрген кезде,
Екінің бірі қазір батагөй ғой.
Сөйтіп жүріп қораңда мал таусылды-ау,
Жүрсін қазір қозы-лақ, бота көрмей.
Кризис келген кезде молдалар да,
Кредитке қойды ғой бата бермей.
Олардың айтқан сөзі не болады?
Батаны Асанәлідей ата бермей.
Көкемнен бесплатно бата алып қал,
Малыңды оңды-солды шаша бермей.
Содан соң бұл дәстүрді доғарғайсың,
Әркімге бір көзіңді сата бермей.
Өзің де бір әрекет жасасаңшы,
Батаға сеніп, үйде жата бермей.
Жансая Мусина:
-Еее,Еркош,
Байқаймын қонбайсың-ау ұшқанында,
Жоқ екен сабырың да, ұстамын да.
Біреудің қалған-құтқанын не қылайын?
Жолмайм(ын) Майгүліннің шкафына.
Онсызда олпы-солпы бо(лы)п созылып кеткен,
Мұндай нәрсе ұстамайд(ы) дұшпанымда.
Болғасын Алматымның елі күшті,
Болғасын Жетісудың жері күшті.
Алдарында шабытпен айтысайын,
Білмейтін жан едім ғой «шегіністі».
Ол рас, талай жаннан бата алғанмын,
Молдалардың жылтыраған сөзі күшті.
Айналғанда қорамда мал қалмады,
Шын айтам сөздеріме сеніңізші.
Ал,Еркош «Асекеңнен бата алып қал»- дейді,
Ұсыныс білдіреді өзі күшті.
Алсам, ала салайын нем кетеді?
Ол кісі қазағымда сері күшті.
Ал, Асеке, соңғы үмітім өзіңізде,
Бұл жерде бір мәмілеге келіңізші.
Қой түгіл, қошақаным да, лағым да жоқ,
Жайықтың Жансаясының бағын жағып,
Бесплатный бір батаны беріңізші.
-Ақындар құрап өлең кең кестесін,
Сөйлесін айдарынан жел ескесін.
Біз өзі биылдыққа не көрмедік?!
Кетті ғой талай күндер келмеске,шын.
Әуелі теңге құлап, доллар өсті,
Сездіріп енді қайтіп теңдеспесін.
Одан соң аспанға ұшып бензин кетті,
Қалды ғой толтыра алмай ел бөшкесін.
Бензин өссе, белгілі сценарий ғой,
Қалған заттың бағасы енді өспесін.
Сәл бұрын Алматыда абдырап ед(і),
Төбеден төмен құлап сел көшкесін.
Қай-қайсы да халыққа қатты тиді,
Қай халық қиындықпен белдеспесін?!
Біз бірақ рухы мықты қазақ едік,
Бабамыз қорғап берген жерде өскесін.
Шыдаймыз, бәрінен де ең бастысы-
Бұл жерден сел көшсе де, ел көшпесін.
-Еее,Еркош,
«Жеңем»- деп-«Жансаяны» жең түресін,
Жеңе алмасан еркектік сертіне сын.
Бабамыз хандар жайлы мен айтайын,
Алқада тартынайын енді несін?
Хандықты Керей менен Жәнібек құрд(ы),
Есімдерінің ұмытылмауын ел тілесін.
Қасым-«қасқа»,Есім-«ескі жол» салд(ы),
Сен қашан осылардай серпілесін?
Әз Тәуке халық үшін қызмет қылды,
Ал, сен қашан осылай желпінесін?
Үш жүздің басын қосты Абылай хан,
«Жоңғармен» ұмытқан жоқ ел «күресін».
Бөкей мен Жәңгірлер де мықты болған,
Қазақтың даласына белгілі есім.
Әбілқайыр, Кенелер жауға шапқан,
Сен болсан бірінші күні мертігерсін.
Қолдарында болыпты темір найза,
Ал, оған қандай күмән келтіресің?
Ал, сен қасқа ағаштан домбыра ұстап,
Қызбенен айтысқанға ентігесін.
-Бұл айтыс «екеумізге майдан»-деппін,
Келмейді қызыл тілді байлаулы еткім.
Сыйласып, әзілдесіп айтысайық,
Қарсылас қабағынды жайдарлы еткін.
Одан соң елді айтайық, жерді айтайық,
«Сахна жанға жайлы жайлау» деппін.
Айтқанда да түсінікті қы(лы)п айтайық,
Демесін мынау халқым: «қайда ке(лі)ппін?».
Әйтеуір екеуміздің айтысымыз,
Әніндей болып кетпесін Сайлаубектің.
Еркебұлан Қайназар:
-Шешендер сөз бастаса бұлбұл еді,
Көсемдер топ бастаса дүлдүл еді.
Ол рас, Керей менен Жәнібектер,
Хандығымның мақсатын ту ғып еді.
«Жеті жарғы» жасаған Әз Тәукенің,
Іздегені әділдік, шындық еді.
Есім хан «ескі жолды» еске салып,
Қасым хан «қасқа жолмен» зырғып еді.
Үш жүздің басын қосқан Абылайдың,
Аңсағаны ынтымақ, бірлік еді.
Ел болуды үйреткен, қала салып,
Қонаев қазағымның білгірі еді.
Он сегізінші ғасырда туғанымда,
Батыр бо(лы)п кетер ме едім, кім біледі?
Еркелетіп қойды ғой домбырамен,
Бүгінгі патшамыздың «Нұрлы жолы».
-Жансая, сөйлегенде сел екенбіз,
Асып-тасып жататын көл екенбіз.
«Бензин ұшты»-дейсін ғой баж-баж етіп,
Елдің жайын айтқанда төл екенбіз.
Ұшатын нәрселерді мен де айтайын,
«Ұшты, ұшты» ойнайық кел екеуміз.
Ұшты, ұшты, не ұшты? Зымыран ұшты,
Басқа емес, Байқоңырдай қырдан ұшты.
Қазағым жетістігін осы емес пе?
Жеті атан көрмеп еді бұл ғарышты.
Ұшты, ұшты, кім ұшты? Тоқтар ұшты,
Қазаққа бағындырып көк ғарышты.
Әубәкірдің баласы дәлелдеді-
Ауылдан ұл шығарын, от намысты.
Ұшты,ұшты, кім ұшты? Талғат ұшты,
Абайдың әні бірге самғап ұшты.
Түркітілдес елдердің арасында,
Алаш Айға барудан алға түсті.
Ұшты,ұшты, кім ұшты? Айдын ұшты,
Айдынмен Алашымның айбыны ұшты.
«Біреулер шоқындырып жіберді»-деп,
Айдалада отырып қайғырысты.
«Ойына келгендерін істейді»-деп,
Біреулер орыстарға жәй күлісті.
Бастысы мақсатымыз орындалып,
Тойменен жалғасуда тойдың үсті.
Жылқы мініп, жаулаған Жарты әлемді,
Түркілер таппап еді қай қуысты?
Ұрпағы солардан да асып түсіп,
Ерлігін заманына сай қылысты.
Алаштың табанының астында тұр,
Ат тұяғы баспаған Айдың үсті.
-Ұшты, ұшты, содан соң доллар ұшты,
Кімнің саясаты екен ол жымысқы?
Екі жүз мың теңгесі бар адамнан,
Бұл күнде мың долларлы сорлы күшті.
Содан соң сен айтқандай, бензин ұшты,
Диқандар бастар кезде көп жұмысты.
Он жеті миллионды жарытпаса,
Несіне салдық завод пен өндірісті?
Ағалар қайта-қайта Айға барып,
Аспанмен екі араны жол қылысты.
Марсқа да баратын күн туса екен,
Тезірек қолға алайық сол жұмысты.
Ол жақта тіршілік болса тіпті жақсы,
Қазақ үшін болар еді оңды күшті.
Азырақ сонда барып демалмасақ,
Арзандайтын түрі жоқ Жердің үсті.
-Қалайша мұндай кезде жыр тартпалық,
Тарихтан енді қалай сыр тартпалық?
Былтырлары көршінің көшбасшысы,
Қалып еді саяси сырқаттанып.
«Қазақта ел болмаған»-деп айтып еді,
Ұйыған іріткіме ұнтақ салып.
Сөз емес,оған іспен жауап беріп,
Жатырмыз қазір тойға күрт апталық.
Бес жүз жылын түгілі, мың жылдықты,
Таңғалып жатыр қазір жұрт ақтарып.
Кешегі Алтын Орданың Сарайшығы,
Тарихы Атырауда тұр қапталып.
Ақ Орданың Сығанақ, Сауранынан,
Оңтүстікте өріп жүр ұрпақ қалып.
Орынбор, Ташкент те біздікі еді,
Шерменде бо(лы)п жүрміз ғой сырт а(лы)п қалып.
Алматымды Қонаев салып берді,
Төл өнерге зиялы жұрт а(лы)п барып.
Онан соң Елбасымыз Астананы,
Өзі барып ашып еді кілт апарып.
Мұжықтар мәртебеңді қайдан білсін?
Енді осындай дәлелмен бұлттартпалық.
Республика облысы былай тұрсын,
Қазақтың бір қаласы-бір патшалық.
-Жансая, Құдай саған сабыр берсін,
Қалың елдің ішінде қадір берсін.
Мен айтқасын батанды зорға алдын ғой,
Бесплатный батаңыз қабыл болсын.
Ертең емес, ендігі жылы емес,
Қасына күйеу жігіт қазір келсін.
Батаменен көгеріп, бақытты бо(лы)п,
Құдай саған жақсының бәрін берсін.
Мәншүк пен Хиуаздың өмірі емес,
Матхираина анамның бағын берсін.
Жансая Мусина:
-Еее,Әумин.
Қалғасын даламызға қара күз ке(лі)п,
«Соғым»-деп,«Қазан ас»-деп шабамыз ке(лі)п.
Ал, биыл Құрбан айтта қатар ке(лі)пті,
Мал сойып, жүгірерміз сауап іздеп.
Мейрамың құтты болсын мұсылмандар,
Табатын ішер асын адал іздеп.
Қазылар сіздерді де құттықтаймын,
Бұл тойда суымасын арамыз көп.
Қиналып отырсындар ма екеуінің,?
«Қайсысын құрбандыққа шаламыз?» деп.
Қазылар еңселерін тұрған тіктеп,
Болмасын оңға, солға бұрғандық бо(лы)п.
Бабалардың айтқанын тыңдасаңдар,
Бұл жерде шаруаларын жылдам бітпек.
Өйткені, олар өсиет қы(лы)п айтып кеткен,
«Қашан да еркек тоқты құрбандық»-деп.
-Ақ туымдайсын, адал арымның,
Тәуелсіздігім бағалармын.
Зарымен келген аналарымның,
Қанымен келген бабаларымның.
Жәнібек, Керей-хандарым менің,
Қасым мен Есім-заңғарым менің.
Сіздердей жанның арқаларында,
Тып-тыныш жатты,бақытты атты таңдарым менің.
Еркебұланым-финалда жұбым,
Өзіңмен болдым дидарлас бүгін.
Ақ тілегімді ақтарып кетем(ін),
Сахнада мынау жиналмас бұрын.
Айтыста талай арқырап жүрсін,
Арқана ауыр жүк артып а(лы)п жүрсін.
Өнерінде де, өмірінде де,
Жұлдызың биік жарқырап жүрсін.
Ағайын айтам саған мықты өлең,
«Жоламасын»-деп-«жамандық» деген,
Ақпейілменен қоштасып кетем,
Жолыққанша енді, кездескенше енді, амандықпенен.
Еркебұлан Қайназар:
-Есеналинаның әнімен жарып тойды,
Жансая маған сыйлық тауып қойды.
Еркек тоқты құрбандық болатынын,
Қазылардың есіне салып қойды.
Құдайына қараған қазы болса,
Құрбандық қыла қоймас арық қойды.
Жансая Мусина:
-Еее,Арық қой,
Менімен айтысуды қалайсын ғой,
Жанымда жарқыраған арайсын ғой.
«Арық қойды құрбандыққа шалмайды»-деп,
Арамдыққа барасын қалай солай?
Біз бірақ арық қойды шала береміз,
Жәутеңдеп жан-жағына қарайсың ғой.
Алты айда аузымызды май қылмасан да,
Екі-үш күн сорпалауға жарайсың ғой.
Еркебұлан Қайназар:
-Жансая елді аузына қаратады,
Тапқанын өлең қылып жаратады
Құрбан шалған етінен көп жемейді,
Жетім менен жесірге таратады.
Бергені сіңір менен сүйек болса,
Олардың тәбетіне не батады?
Әй, Жансая осыменен тоқтайықта,
Сен жауап қайырғанша таң атады.
21.09.2015 жыл(2-айналым) Алматы қаласы
Республика сарайы
Қазақ Хандығының 550 жылдығы және Алматының қала күніне арналған «АЗАТТЫҚТЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ» атты Республикалық ақындар айтысы.