Айтыстағы бір қайырым. Дидар Қамиев:
Ойымды айту үшін сайлап ішкі,
Қызыл тілдей қаруым қайда күшті.
Бір әңгіме айтайын өткен күннен,
Тірілтер бойыңдағы бай намысты.
Бір патша үлкен қазан алдырыпты,
Халқыма жасайын деп пайдалы істі.
Әр қайсысың бір кеседен сүт құйыңдар,
Деп ортаға тастапты ойдағы істі.
Ол ойы өз халқын сынау екен,
Қай кезде патшалардан айла ауысты?
Кешқұрым бір-бір кесе қолына алып,
Тұрғындар бастап кетті жайлап істі.
Бір кісі сүт орнына су құйыпты,
Кім байқай қояды деп майдан үсті.
Азанда патша келіп қазанды ашса,
Сүт көрмепті кілкіген қаймақ үсті.
Тек қана сылдырлаған су тұр екен,
Көзімен көрді бәрі айғақ істі.
"Мен құйғаннан ештеңе өзгермес" деп,
Елдің бәрі жасапты айла күшті.
Бір-біріне сенемін деп жүргенде,
Ақыры көңілдерге қайғы алысты.
Қазаққа да осындай күн туып тұр,
Ниетті алмау керек лайлап ішкі.
Бүйректей бөлшектенген талай жұрттың,
Басынан бағы тайып, байрағы ұшты.
Бір патшаның қолынан не келеді,
Алашым бірлігіңді ойлан ішкі.
Сондықтан қазақ деген қайсар жұрттың,
Тағдыры әрқайссыңа байланысты