АНА ТІЛІ туралы Дидар Қамиевтің айтыстағы бір қайырымы, сұрауларыңыз бойынша. (Ринатпен айтыста): Әр сөзің көрінеді-ау мақтан көзге, Ринат көрінесің аңқау көзге. Анаңның туған күні құтты болсын, Қуанған сендей ұлды тапқан кезде. Бірақ та, әр сөзіңе абай болшы, Өлеңнің шам-шырағын жаққан кезде. Туған күнде немене мәз боп отсың, Туған тілің ойран боп жатқан кезде. Ана тіл маңдайдағы бағың боп тұр, Бағың боп тұр, қалатын барың боп тұр. Қазір, ана тілін мен айтар болсам - Бетіңдегі ұятың, арың боп тұр. Арыңды аяғына таптап тұрған, Заңыңдағы жетінші бабың боп тұр. Бір орысша сөйлесе таңғалмайсың, Екі тілде сайрайтын хәлің боп тұр. Дана қазақ алаң боп ана тілге, Жаңа қазақ жас тілдің қамын жеп тұр. Өз тілін өгейсінген өскіндерің, Өзегіңді өртеген жалын боп тұр. Біздің тілдің тәуелсіздік алатын күн, Әлі күнге бұлдыраған сағым боп тұр. Мемлекеттік тіл мәртебесі, Ресми тілден көрі шағын боп тұр. Тіл жайлы комиссияның төрағасы, Қажықаңның баласы Кәрім боп тұр. Бір ауыз білмесе де тіл басқарған, Ол көкем асып содан дарын боп тұр. Ана тілімнің соры маңдайдағы - Мәсімовтың мұртындай қалың боп тұр. Қазақтай тыңдарманым тойға келген, Жандарын жадыратам жайдары әнмен. Он жеті жыл,тыртық әлі жамалмай тұр, Сонша жыл не тындырдық байбаламмен. Заңыңның сайықалдығы тілімізді, Жерсіздерге телміртіп қойған әбден. Өзгеге жағынудан жарыс өтсе, Қазағым қара үзіп бәйге алар ма ең? Жоғарыда жанашыр жандар отырса, Тілімнің тұнығы өстіп лайланар ма ед? Осқырына қарайтын өз тіліне, Мақтанасың төрдегі қай балаңмен? Соларды кеп сайлаймыз басшы қылып, Тіліңді асырардай айдан әрмен. Әй, бірақ тіл менгеред дей алмаймын, Жаттап ап бір-екі ауыз сайрағанмен. Намыссызға зор сенім артып отқан, Қазағым сонша аңқау, жай болар ма ең?! Санасызға тіл бітпес сайрағанмен, Қара суға май бітпес қайнағанмен.