Жаңа жылдың көлеңкесінде қалған Тәуелсіздік күні туралы "Алтын домбыра" айтысының 1-орын иегері Дидар Қамиевтің толғамы:
Ақыры бастаған соң аяқтайын,
Сөздегі түсінерсің астарымды.
Отыз бірінші желтоқсан таяғанда,
Сауынан, көп көресің мастарыңды.
Не бір қылмыс сол күні жасалады,
Күнәменен толтырып астауыңды.
Шампанский атамыз шырша айналып,
Иә Алла, ашық ет деп аспанымды.
Наурызды жаңа жылдан артық көрсең,
Біреу кесіп алар ма, бастарыңды.
Орыстан қандай рахат көріп едің,
Мейрамын қылатындай мақтан үлгі.
Осыдан жиырма жеті жыл бұрынғы,
Ескі алшы жауыздардан қашқаныңды.
Жаңа жылға он бес күн қалған кезде,
Шыршадай отамап па еді жастарыңды.
Ақын ем топқа түссем толғайтұғын,
Жұртыма жұғымды өлең жолдайтұғын.
Жаңағылар шыршаны айтып кетті,
Отыз тіс тіл мен жақта қалмай тыным.
Ол істе қалаңыз да қалыспапты,
Соншама не күн туды сорлайтұғын.
Ахметжан әкіміңе не көрінген,
Жағымсудың тапқан ол қандай түрін.
Бірінші желтоқсанда елбасына,
Сыйлықтың ұсыныпты ең бай түрін.
Жеті судан кесіп ап жеті шырша,
Жеті шелпек таратқан жандайтұғын.
Есімов әкімдерің мықты шығар,
Мәселеге тереңірек бойлайтұғын.
Бірінші қаңтардағы мерекені,
Бірінші желтоқсанда тойлайтұғын.
Шыршаны жарқыратып жағып қойсам,
Елбасына жағам деп ойлайтұғын.
Әкіміңе ескертіп мұны айта бер,
Патшаны өйтіп алдауға болмайтынын.
Елбасы ағаш кескен адамды емес,
Ағаш екен адамды қолдайтынын.
Ісіне кетпейсіңдер күйіп қайдан,
Бастаса намысыңа тиіп майдан.
Жастардың қызыл қаны тамған жерге,
Жап-жасыл шыршаларды үйіп қойған.
Қайта біздің әкімнен үлгі алмай ма,
Мінездік көрсетпейтін сұйық бойдан.
Әбдішевтей әкімі облыстың,
Жағымпаздық дегенді жиып қойған.
Қара орыстың отырса да ортасында,
Тәуелсіздік мейрамы өткенінше,
Жаңа жыл дайындығын тыйып қойған.
Қазақтықтың қас жауы жаңа жылдан,
Азаттықтың мейрамын биік қойған.
Жақсылық Орынбасар
Ай, Шомылтып бабаңды отқа, анаңды отқа,
Халқыңа жегізген кім харам ботқа.
Желтоқсанда көп сұрақ мазалайды,
Арам ойдан аулақпын арандатпа.
Бабамды кімдер қырды кім қорлады,
Тарихқа беретұғын бағаң жоқ па?
Біз кімнің тіліменен сөйлеп жүрміз,
Өзіңде ақ сүт берген анаң жоқ па?
Жаңа жылға тастүйін дайын тұрмыз,
Тәуелсіздік тойынан хабар жоқ па?
Аяз ата орына құрметтеуге,
Әлихан, Ахметтей бабаң жоқ па?
Уа, қазақ рух қайда, намыс қайда?
Басыңда жоқ қой тіпті бодан ноқта.