Мейірбек Сұлтанханды біраз биіктерге көтеріп жатқан құлаш-құлаш сөздерінен үзінді, Сатбаевтағы айтыста 1-орын алған еді, енді сөздерін бір қайырым оқи отырыңыздар:
Қара өлең болса сырласым,
Қараша халық мұңдасым.
Бұқар болып сөйлейін,
Бұқара халқым тыңдасын.
Бірінші тілек тілеңіз,
Бірлігің бастан көшпеске.
Екінші тілек тілеңіз,
Екі жақта екі дәу-
Айдаһар мен аюдың,
Ауызында кетпеске.
Үшінші тілек тілеңіз,
Үш жүзге үкім жүргізген,
Парасатты патшаның,
Анталаған дұшпандар,
Беделін сырттай төкпеске.
Төртінші тілек тілеңіз,
Теріскейдегі төрт облыс
Жириновскийдің аузымен
Орыстарға өтпеске.
Бесінші тілек тілеңіз,
Бес уақыт намаз болғанда
Мешіттегі бауырлар
Бөлінбесін деп бес-беске.
Алтыншы тілек тілеңіз,
Алты алашымның тағдырын
Қара балалар басқарған
Ақ үйдегілер шешпеске.
Жетінші тілек тілеңіз,
Жеті атасын білместен
Жетімдер сыртқа кетпеске.
Сегізінші тілек тілеңіз,
Сенат пенен мәжіліс
Бос сендіріп халықты
Өтірікпенен бөспеске.
Тоғызыншы тілек тілеңіз,
Қара халық зар жылап,
Кедей-кепшік қан жылап,
Теңгенің түсіп бағасы,
Долларлың құны өспеске.
Оныншы тілек тілеңіз,
Бірліктің туы жығылған,
Қырық пышақ боп қырылған,
Қырымның күнін кешпеске.
Айналайын, ағайын,
Бірлігіңді сақтарсың,
«Қазақ елі» болу әсте-әсте,
Украина болу бір пәсте!